Рейтинг:  5 / 5

Звезда активнаЗвезда активнаЗвезда активнаЗвезда активнаЗвезда активна
 

Әрбір халықтың байырғы заманнан қалыптасқан өз ұлттық идеологиясы болады. Елінің бірлігі үшін, сонан соң табыcты тірлігі үшін ұсақ-түйек мәселелерге көңіл болмей биікте ауқымды бағдарламаларды алдына мақсат етіп қояды. Ішкі саясаты мен сыртқы саясатын басты бағдарламасына сәйкес жүргізіп отырады. Мұнсыз ел мемлекет бола алмайды. Сонан соң басты бағдарламаға үнемі заманына сай, даму жолына социологиялық, экономикалық, әлеуметтік, саяси зерттеулердің арқасында жаңа табылған сара жолдарды, механизмедерді мемлекеттік басқаруда іске қосып отырады. Соңғы 10-15 жылда азаматтарымыздың санасында революциялық өзгерістер болды десек қателеспейміз. Кешегі құндылықтарға бүгінгі жаңа буын басқа өлшеммен, басқа көзбен қарауда. Мұндай күтпеген жерден өмір мен саясатымызда болған өзгерістер басым көпшілікке ауыр тиді. Өтпели кезеңде өзді өзін таба алмай кеткен қаншама азаматтар болды. Миллиондап қаншасы қыр асып, теңіз асып жақсы жер, жақсы өмір іздеп кетті. Совет өкіметінің өмірі неге қысқа болды? Неге күйреді? Бұл сұраққа берер жауап көп. Ең бастыларының бірі – ата-бабаларымыздан кележатқан рухани байлық пен құндылықтардан айрылғандығымыздан. Оған себеп болған Дарвин теориясы - ол коммунистердің маңызды идеологиясына айналғантын. Жаратқан иемізге сенудің, арқа сүйеудің орнына партияға сендік, жеке адамға табындық. Құдай жоқ дедік. Билік үшін таласта қаншама кінәсіз адамдардың қаны төгілді.

Бүгінгі жетістіктерімізге мың-мәртебе шүкіршілік ету ләзім. Бұл күндерді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап келген. Енді осы жетістіктерді ұстап қалу қажет. Халқымыз айтқан: үйлену оңай, үй болу қиын деп. Егемендікке жеттік, ал енді оны ұстап қалу сонан соң ары қарай дамытып отыру оңай шаруа емес. Бүгінде бүкіл әлем тәнті болып отыр жетістіктерімізге. Әрине мұның бәрі ерекше басқарушылық қабілеттің арқасында болып отыр.  Дами түсу үшін талапқа сай іс-шаралар жасалынып отырулары керек. Экономикалық жағдайымыз жақсарған соң, енді-енді өз тарихымызға ұңіле бастадық. Тіпті біраз жұмыстар да атқарылып қалды. Даламыз өркендеп, қалаларымыз көркемденіп келеді. Рухани және мәдени жетістіктеріміз көзге көріне бастады.              

Ең қуаныштысы сол, қатардағы жұмысшыдан ғалымдарға, қарапайым мемлекеттік қызметшіден елдің беделді қайраткерлеріне дейінгінің барлығы өз елінің тарихын, бұрынғы өткен ата-бабаларының тіршілік-тынысын білгісі келеді. Өйткені әрбір адамның алдында: «Біз кімбіз, қайдан пайда болдық?» - деген мәңгілік бір сұрақ тұр. Кешегі дарвинизммнің құрсауында болған адамға оған жауап беру де оңай емес. Бірақ соған талпынбасқа тағы болмайды. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің парызымыз. Сонан соң алдымызға: «Тәуелсіз Қазақстаным үшін не тындырдым?» - деген мақсат қойып өмір кешуге тиіспіз.

Осыған жауап беру үшін Елбасының соңғы Жолдауын өмірімізде нақты пайдалануымыз қажет. Жолдау бірнеше ерекшеліктері бар маңызды  бағдарламалы құжат болып табылады. Қазақстанның әлемнің ең өркениетті елдерінің қатарына кіру туралы Стратегиясы Елбасымен жарияланды. Сонымен бірге аса ірі жаңарту жобасы (модернизациялық жоба) мәлімдеме жасалды. Жолдауда еліміздің ұлттық идеясы өз тұжырымын тапты. Соңғы жылдары бұл мәселе де көп талқыланып жүр [1].

Күрделі де терең және ауқымды ұлттық идеясы ұғымының ішінде бірден бір маңызды мәселелер болып қоғамымыздың рухани тәрбиесі жөніндегі проблема мен мәдениетіміздің дамуы жатады. Әсіресе қазіргі аса ірі жаңарту заманымызда бұл екі мәселені саяси көзқарастан тыс тастауға болмайды. Еліміздің басшылығының бүгінгі іс-әрекеттерін құптауға болады. Саяси институттар, сарапшылар мен ғалымдарымыз қоғамдағы хал-ахуалды зерттеп, оның көтеріліп жатқан мәселелерін дер кезінде шешу үшін арнайы жұмыстар жүргізіп жатады. «Биліктің мықтылығы – демократияға кедергі жасамайды» – дейді, еліміздің азулы саясат танушыларының бірі М.Ашимбаев [2].

Сонымен бірге халқымыздың ұлттық сана-сезіміне оң ықпал ету, “көзін ашып” табиғи және өмірлік шындыққа жетелеу әрбір зиялы және салауаты азаматтарымыздың борышы. Әр қоғамда билікке талас болатыны бесенеден белгілі. Оның түрі де көп. Сонымен бірге соңғы жылдары қоғамда адами қатынастардың құндылықтары өзгерді. Қоғамның психологиялық жағдайына аса назар аудару қажеттігі туралы, қоғамдық бірлестіктердің жұмыстары туралы ғалымдарымыздың еңбектерінде жарық көріп, аналитикалық талдаулар жасалынып келеді [3]. Саясатымыздың барлық бағдары қазақстандықтарды Елбасымыздың нұсқаған жолдарымен алып бару қажеттігі туындап отыр. Ал оны іске асыру оңай шаруа емес. Саяси және әлеуметтік көптеген түйіні жеткен мәселелер дер кезінде шешіліп отырылуы тиіс. Қазақстандықтардың салауаттылығы мен білімділік деңгейінің жоғарылылығы мемлекеттік қауыпсіздікке да айтарлықтай үлес қосады. Жас ғалымдарымыздың бұл мәселедегі ізденістері, нақты корытынды мен ұсыныстары осы проблемаларды шешу үшін арналған [4].

Мемлекеттік жүйе ғалымдардың ұсынысын шұғыл түрде басты назарға алулары тиіс. Себебі мұнда азаматтардың көңіл-күйі, рухани байлығы мен патриоттық сезімдерінің сапалылығы социологиялық зерттеулерден отіп отыр. Адам факторы деген осыдан тұрады. Мемлекет органдарына түсіп жатқан арыз-шағымдардың арқасында мыңдаған адамдардың тағдырлары тұр емес пе? Билікке деген халықтың сенімін арттыру үшін арыз-шағымдарды қарау жолдарын жаңа деңгейге көтеру қажет болып тұр. Әлемдегі елу өркениетті елдердің қатарына кіреміз деп шешім қабылдаған болсақ бұл мәселени де ұзаққа созбай қолға алу керектігі айқын болып тұр. Себебі батыс елдері тек экономикалық жетістітерімізді ғана қадағалап жатқан жоқ, олар халқымыздың әлеуметтік жағдайын да бақылап отыр. Ал бұл саяси мәселенің бірден бір маңыздысы болып табылады. Кедейлік, өмірдің ауыр жағдайы, биліктің жергілікті орындарда арыз-шағымдарға немқұрайлы қарауы, адамдарды төнкерістер, ереуілдер мен наразылық акциялар  жасауға жетелеуі мүмкін.                    

“Өмір – бұл күрес” немесе адамдарды таптық жүйеге жіктеп бөлу, әл-ауқаттылықтың арасындағы алшақтықты солай болу да керек деген, бір халықтың екінші халыққа үстемдік жасауы да, әлсіз күштіге бағынуы керек деген Дарвинның теориясы бүгінгі таңға дейін өзінің теріс ықпалын әлем халықтарына тигізіп келуде. Соңғы бір жарым ғасыр ішінде миллиондаған азаматтар мен кейбір мемлекеттер осы ілімнің жетегінде кетіп құрбандыққа ұшырады [5. 9 бет]. Бұдан былай да ұшырайтындары хақ нәрсе. Әлем тарихына кімдер келіп кімдер кетпеді. Жеке тұлға немесе мемлекет болсын. Сондықтан да қатардағы азамат па немесе билікке қатысы бар адам ба ең бастысы оның рухани бастуы мен адамгершілік деңгейі қандай жағдайда деп қоғамда сұрақ қойылатыны  да дұрыс қой деп ойлаймын. Бұл арада ұлы Әл-Фарабидің: - ғылымды меңгерген, бірақ тәрбие алып үлгермеген адам қоғамды күрделі опатқа әкеліп соқтырады - деген пікірімен таласуға болмайды. Заманымыздың белгілі ғалым-жазушысы, педагог Совет-Хан Ғаббасовтің: - билікте білімді  азаматтар қызмет етеді, бір кемшілігі олардың адамгершілік рухта тәрбие ала алмағандығында - дегенін мойындау керек. Американ жазушысы Ф.С.Фицджеральд өз заманының жастары туралы былай деп жазған: - Барлық сенімдерден жұрдай болған, құдайсыздыққа душар болған, алдыларында тек қорқынышты келешек пен табысқа ғана бойұсынатын буын келді”, – деп [6.516 бет]. Өкінішке орай қазіргі жастардың басым көпшілігі адами қарым-қатынастан гөрі прагматикалық қатынасты бірінші орынға қояды. Уақыты жеткенде түсінер. Бірақ қаншалықты игілікті істерден айрыламызғой. Қаншама ата-анамыздың, ұлағатты ұстаздарымыздың бай тәжірибесінен жұрдай болып қалатын қауыпы тұр. Бүгінгі көне көз қарияларымыздан білген тергендерін алып қалуымыз керек. Сонымен бірге ата-бабаларымыздың, ел билеушілеріміздің бұдан 100 жыл, мың жыл бұрынғы саясаты жөніндегі жаңадан ашылып, табылып келе жатқан мағлуматтар бүгінгі өзекті мәселелердің айқындалуына, шешімін таппай жүрген істерге өз әсерін тигізетінін ұмытпауымыз абзал болар.

Тарихтағы өз орныңды сезіне, сондай-ақ бұрынғы ата-бабаларыңды рулық аяда ғана емес, керісінше жалпы ұлттық ауқымда мақтан ете отырып, кемсітушіліктің түрлі әрекеттерінің барлығынан арылған қазақтар мен олардың арғы тегінің орасан зор Еуразия тарихындағы орнының қандай  екенін сезіну – бұл ұлт болып қалыптасудың бүгінгі таңдағы ең қуатты әрі мүлде жаңа тәсілі. Өйткені күні кешеге дейінгі басқа этномәдениет жүйесімен белсенді қарым-қатынаста болған қазақ халқының бір бөлігін мәдени маргиналдандыру көп жағдайда оның тарихын жете бағаламаумен тығыз байланысты. Ұлттық сана-сезім әміршілдік жүйенің күштеп енгізген таптық сананың құрбанына айналды. Мемлекеттік ауқымда Орталық Азияны мекендейтін халықтар аумағында, жаппай және мақсатты түрде жүргізілген қоныстандыру арқылы, этникалық менталитетті өзгерту саясаты жүргізілді.

Бүгінде біз қазақ жері көне және ертедегі өзіндік ерекшелігі бар өркениет аумағы болғандығын мақтанышпен әрі өзгелерді тәнті ететіндей түрде айта аламыз. Қазақстанның ұлан-ғайыр даласы бір кездері орасан зор Еуразия кеңістігіне  өз ықпалын тигізіп отырған. Номадтардың мәдени миссиясы жеріне жеткізіле зерттелмеген. Біздің ата-бабаларымыздың мәдени, саяси ықпалы Египеттен Үндістанға, Еуроподан Қытайға дейінгі кең алапты қамтып жатты. Түрік әлемі халықтар мен мәдениеттер арасын байланыстырып жатқан тұтас бір желі болды.

Дегенмен, біз өз тегімізге тереңірек үңілу, ата-бабаларымыздың жасап кеткен істерін зерделеу арқылы бүгінімізді нығайта түсіп қана қоймай, сонымен қатар оны келешек ұрпаққа орнын тауып мұраға қалдыру басты парыздардың бірі болып табылады. Осы ізденістеріміз арқылы өз халқымыздың рухани қайта жаңаруына, мәдениетіне, тарихының ақиқат шындығына және ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына жол ашамыз. Философ, мәдениеттанушы әрі теолог Мұртаза Бұлутай өзінің мақаласында осыған жауап іздеуге ұмтылыс танытқан [7].

11 қыркүйектегі қайғылы оқиғадан кейін исламды қаралау, оны терроризммен қабыстыру өршіп тұр. Батыс пен Шығыстың, христиандық пен исламның арасында «Берлин қабырғасы» болмауы тиіс. Шетелдік идеялық ағымдармен әуестенбей, кеірісінше біздің имамдарымыз қазақстандық дәстүрлерді орнықтыруға баса мән бергені абзал болар еді.

«Лев Гумилевтің ғылыми мұраларындағы еуразиялық идеялар» деп аталатын Қазандағы (2005 ж.) Халықаралық конференцияға қатыса отырып, Н. Назарбаев бүгінгі таңда біздің бәріміз өзіміздің мәдени-тарихи қауымдастығымызды, ортақ еуразиялық тамырларымызды айқын сезіне бастадық деп атап көрсетті. Әрі бұл ХХІ ғасырдағы интеграцияланудың қуатты серпініне айналып отыр. Түрки халықтарының ғасырлар бойы кележатқан бірлік пен үйып отырған ынтымағы Ресей империясының бөле-жару саясатының, сонан соң кеңес мемлекетінің дарвинизмді ту еткені арқасында ыдырап езгіге түсті.

Біздің басшымыз былай деп атап көрсеткен: Түрки халықтарының тарихы неғұрлым тереңге тамырын жайған сайын, олардың әлемдік өркениеттегі ықпалы соншалықты кеңейе түседі. Түркология жөнінде ғылыми еңбектер әлемнің әртүрлі тілдерінде қаншалықты көп жазылғанымен, бұл тақырып әлі де аз зерттелген күйде қалып отыр. Әлемге әйгілі мәдениеттанушылар түркі өркениетін жеке және дербес тақырып ретінде қарастырып отырған жоқ. Мұның басты себебін ең алдымен патшалық Ресейден, бұдан кейін ұлттық мәдениетті қолынан келгенше тұмшалауға, тұншықтыруға ұмтылған Кеңестер Одағының өктемдігінен іздестірген абзал.

Қазір мүлде басқа уақыт туды. Түркі халықтарын әлемнен оқшауландырып келген «Темір тор» күйреді. Оның есесіне әлемде ғаламдану процесі басталды. Осы жаңа сыннан сүрінбей өту және ғаламданудың ғаламат тасқынында біздің халықтарымыздың бірлігін, тілдерінің тұтастығын, мәдениетінің ортақтастығын сақтап қалу үшін, бізге рухани интеграциялану керек. Бейбіт өмір сүру процесі, еуразиялық кеңістікте халықтар мен мемлекеттік экономиканы интеграциялау бүгінде ең өзекті мәселе. Сондай-ақ ол әлемдік ауқымда да өте маңызды. Халықтар өзінің ерекшеліктерін сақтай отырып, өзара құрметтеушілікте өмір сүруі тиіс. Кейбір мемлекеттер және олардың жетекшілері солай жасауға тырысып бағулы. Барлық адамдар тең. Ешкім де әлемдік билеп-төстеушілікке ұмтылмауы қажет. Өмірде бәрі де өткінші. Ұлан-ғайыр өлкенің азулы билеушілері Кир, Дарий, Македонский, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Сталин, Гитлер және басқалардың билігі қалай тәмамдалғаны тарихтан белгілі. Бүгінгі таңда біздің уақытымыздың азулы мемлекеті терроризммен күресуді өз мойнына алып отыр. Ал оның астарында не жатқандығын түсіндіріп жатудың қажеті шамалы.

Терроризмнің шынайы идеологиялық сипаты – дарвинизм мен материализм. Адамдардың басым көпшілігі ағылшынның әуесқой табиғат зерттеушісі ұсынған өркендеу теориясы нақтылы ғылыми дәлелдерге, зерттеулерге және тәжірибелерге негізделген емес деп санайды. Теолог Харун Яхья Дарвинның осы теорияның негізін қалаушы болып табылмайтындығын айтады, қала берді бұл теорияның қағидаларына негіз болатын ғылыми бірде-бір дәлел жоқтығын тілге тиек етеді. Жер бетіндегі тіршіліктің даму сатылары қарабайыр, сонау ерте кездердегі материалистік философия қағидаларына негізделіп, табиғат заңдарына орайластырылған[5. 8 бет ].

Тек мифтік идеяларға әсіре еліктеуге негізделген мүлде негізі жоқ теорияға сүйенген әлемдік билікке ұмтылушылық көптеген қайғы-қасіреттердің, адамдардың зорлық-зомбылықтарды бастарынан өткеруінің бірден-бір себебі болды. Адамдар санасына дарвинизм мен материалистік философия идеяларын сіңіру арқылы Жаратушы Алла тағаланың жер бетіндегі ақыл иесі – адамның рөлін түсінуге кері ықпал етті. Егер осыған дейін дінге сенуші адамдар Жер бетінде адам не үшін пайда болған, оның Жаратушы алдындағы парызы қандай деген сұрақтарға: «Адам баласын Құдай жаратқан және ол Жаратушының үйреткеніндей, салауаттылықпен өмір сүруі тиіс» деп жауап қайтарса, енді жауап мүлде басқаша сипат алған: «Адам Жер бетінде тіршілік иесінің кезеңдік дамулары және тіршілік үшін күресуі барысында анағұрлым әлділері құрып кетуден аман қалған маймылдан тараған», - дейді.

Бізді қоршаған ортаның қатал заңдары адамзатты орасан зор идеологиялық алдаудың апанына түсірді, өйткені дарвинизмнің «ғылыми» теориясы билікке ұмтылушылық пен шиеленістерге бастаған фашизм, коммунизм, маоизм және басқа да көптеген адамзатқа жат идеологиялық режимдердің тамыр жаюына «қолайлы» идеологиялық негіз қалады. Харун Яхья өзінің кітабында дарвинизм теориясының кейбір құпия астарларына, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қазіргі қоғамдағы оның адамзат тарихындағы рөліне талдау жасайды, бұрмаланған және мән-мағынасыз идеологиялық ілімдердің пайда болуы мен дамуына қолайлы орта қалыптастырған дарвинизм идеяларына «салтанатты шеру» жасайды, біздің заманымыздың ең өткір проблемасына айналып отырған дарвинизм мен терроризм арасындағы көзге көрінбес байланыстарды ашып көрсетуге ұмтылады.

Кеңес дәуіріндегі дарвинизммен қаруланған біздің қоғам коммунизмді құрамыз деп “үлкен ағамыздың” жетегінде кетіп дінімізден, ділімізден, тілімізден, мәдениетімізден айрылайын деп қалған жоқпыз ба? Бұл тек қазақ халқының басында емес басқа да “кіші інілердің” өмірінде орын алды. Ұлт ретінде жоғалуымызды, байлығымызды оңды-солды пайдалану жоспары “үлкен ағамыздың” мемлекеттік саясаты болды. Тіпті кешегі 2000 жылға дейін Ресейдің кейбір оқымыстылары бізді, біздің тілімізді, дәрежемізді өздерімен салыстырып төмендеткісі келді [8. 245-249 беттер]. 

Дарвинизмнің ең басты қателігі оның «Өмір – бұл күрес» дейтін ілімі. Осы ілім анағұрлым күшті әрі сол ортаға бейімделген органикалық заттар мен ағзаларға қолдануға жарамды, өйткені күшті әлсізді табанына басып жаныштап отыруы тиіс. Бірақ бұл идеяны адамдарға қатысты қолдануға болмайды. Дарвинге жүгінсек, «артықшылықты расса» өмір сүру күресінде жеңіске жетуі тиіс. Оның ойынша олар еуропалық ақ адамдар да, ал африкалықтар мен азиялықтар бұл күресте жеңіліс табуы керек. Ол тіпті бұлар көп кешікпей құрып кетеді деген тұжырым жасайды. Мысалы Дарвин былай деп жазады: «Тек ғасырлармен ғана өлшеуге болатын алдағы аз уақыттың ішінде өркениетті раса оларды сөз жоқ құртып тынады, ал бұдан кейін әлемдегі жабайлардың бәрін жояды. Сонымен бірге антропоморфты маймылдар /яғни маймылдың адамға айналу сатысындағылар/ да құртылып жіберіледі. Адам мен оның жақын тектері арасындағы алшақтық жедел қарқынмен ұлғая түседі, өркениетті адамдар мен жабайылар арасындағы айырмашылық мысалы кавказ халықтары мен гиббондар арасындағы сияқты алшақтайды, қазіргі кезде ол негір немесе автралиялықтар мен гориллалар арасындағыдай сипатта». Міне, атағы әлемге әйгілі ғалымның сөзі осындай. Дарвиннің өз теориясын жасау кезінде идеялық «серпілісті» сол кездегі зиялылар ортасында кеңінен танымал болған британдық экономист Томас Мальтустың кітабынан алғандығы белгілі. Ол жер бетіндегі адамдар саны өте көп, олардың көбеюінің жолын кесу қажет дейді. «Соғыс, аштық және жұқпалы аурулар сияқты алапат апаттар халықтың санын азайтуға қажетті механизм болып табылады, өйткені адамдардың белгілі бір бөлігі, басқаларының жақсы өмір сүруі үшін, өлуі тиіс. Тек осындай «перманентті соғыстың» нәтижесінде ғана адамзат өмір сүре алады», - деп санаған Мальтус.

Дарвин перманентті шиеленісті ауқымы зор табиғи құбылыс ретінде қарастырады. Бұл тіршілік үшін күресте әрқашан күштісі және жағдайға анағұрлым жақсы бейімделгені жеңіске жетеді, ал бұл тек солар өмір сүруге құқылы, өйткені осы заң табиғаты тұрғысынан өзін ақтай алады деп мәлімдеуі содан. Өнегелік құндылықтар мен рухани жетілу оның іштен шыққан «шұбар жыланы» - «өмір сүру үшін күрес» идеясының басты жауы болды. Ол сол кезде Құдай жаратты деген ақылсыз діни түсініктерді серпіп тастауға барлық адамдарды шақырған тағы бір «ғылыми»  ұранды ойлап тауып, қазіргі заманғы «ғылыми» жаңалыққа сенуді ұсынды. Егер ХІХ ғасырда дарвинизм идеясы расизмнің саясатын «ақтауға» теориялық негіз қаласа, ХХ ғасырда эволюция теориясы нацизм идеологиясының пайда болуына алғышарттарды қамтамасыз етті. Гитлер мен Розенбергтің бағдарламалық мақалаларында Дарвиннің «табиғи іріктеу», «табиғи селекциялау» және «расалар арасындағы өмір сүру үшін күрес» сияқты тұжырымдары қолданыс тапқан. 1933 жылы Нюринбергтегі Германия ұлттық – социал жұмысшы партиясының съезінде Гитлер: «...жоғары арий расасы барлық өзінен төмен рассаларды бағындыруы тиіс... бұл табиғаттың өзі туғызған заңы жер бетінде өмір сүрудің бірден-бір үйлесімді заңы болып табылады», - деп ашық мәлімдеген болатын. Дарвиннің идеяларымен қаруланған Гитлердің әлемге нендей қайғы – қасірет әкелгендігін біз жақсы білеміз. Ол адамзатты бұрын-соңды болып көрмеген үлкен апатқа ұрындырды. Көптеген саяси және этникалық топтар, әсіресе еврейлер гитлерлік «селекциядан» өткізіліп, концентрациондық лагерлерде мыңдап қырылды. Соғыс 55  миллион адамның өмірін жалмады. Осы орасан зор апаттың басты себебі ағылшынның әуесқой табиғат зерттеушісі Ч. Дарвин екендігін былайғы көпшілік біліп жатқан жоқ,

Осы арада еліміздің жетекші саясаттанушылардың бірі, ғылым докторы Марат Тәжиннің айтқандарынан мысал келтіре кеткім келеді. «Екінші миф деп мен геосаясаттық дарвинизм мифін атар едім. Әскери терминдерді саясатқа көшіру орын алып отыр. Сөзім жалаң болмауы үшін бірқатар мысалдар келтіре кетейін: қай жерде де «біреу біреулермен соғысып жатыр», қай жерде де «әлде-әлде»  – не біз оларды немесе олар бізді психологиясы, «егер жау берілмесе – оны құртар болар» идеясы, ақпараттық майдан, ресурс үшін майдан, билікке қол жеткізу үшін майдан жұріп жатыр. Барлық адамзат қауымдастығы – аймақтық социумды немесе нақтылы ұлттық мемлекетті - геосаяси дарвинизм терминдерін белгілі бір ұлттық ерекшеліктерді бүкіл өркениетті, мәдениет аспектілерін сыпырып тастайтын сыпырғы ретінде қарастырады. Мұның өте қауіпті екендігі сол, адамдар санасына біртіндеп сіңіп, «Кім күшті болса, соның сөзі өтеді» дейтін ұғымды орнықтырады. Бұл саяси кеңістікті орнықтыруда ақиқатқа айналып келеді» [9].

Бүгінде әлем даттардың /Дания/ газеттерінде жарияланған бірнеше суреттерге бола екіге жарылды... Мұхаммед пайғамбардың карикатурасы, бұдан кейін оны бірқатар Еуропалық газеттердің көшіріп басуы, әлемдегі барлық мұсылмандардың  толқуын туғызды. Кейбір ислам және араб мемлекеттерінде іс дипломатиялық санкциялардан, байкоттар мен қарсылықтардан да асып түсіп, Дат елшілігі мен консулдығына тікелей шабуыл жасауға дейін ұласты. Біздің Қазақстан Діни басқармасы да осыған қатысты өз көзқарасын білдірді. Ислам адамдарды немесе жануарларды бейнелеуге тиым салады. Алайда осы тиымдар әрдайым, оның ішінде Мұхаммед пайғамбарға қатысты сақтала бермеген. Мысалы, ХІҮ ғасырда Осман империясында және Сафавидті Иранда Мұхаммед пайғамбардың бейнесі салынғаны белгілі. Атап айтқанда, Ыстамбұлдың мұражайында сақталған «Мирадж-наме» кітабында пайғамбарымыздың беті ашық көрсетілген.

Карикатура төңірегіндегі айқай-шу Мұхаммедтің бейнесінде тұрған жоқ, керісінше оның қандай сипатта салынғандығында болып тұр. Дінге сенушілердің және діни беделділердің көзқарасы тұрғысынан қарағанда мұнда масқаралаушылыққа жол берілген. Мұндай масқаралаушылық үшін Ислам тарихында көптеген суретшілер мен ойшылдар, оның ішінде «Ана-ль-Хакк» /Мен – Ақиқатпын/ деп жазған сөзі үшін өлімге кесілген Халладж аль-Мансұр да бар. Өйткені ол өзіне Алланы ерекшелендіріп тұратын сөзді арнаған. ХІҮ ғасырдағы суфизмнің көрнекті ақыны Насимидің Алеппо қаласының моллалары /дін қызметкерлеріне/ атына ғайбат сөз айтқаны үшін тірідей терісі сыпырылған.

Мемлекетіміздің негізін қалаушы ретінде қазақ халқына үлкен жауапкершілік пен байыптылық түсіп тұр. Әрине біздің ерекше толеранттығымыз бұдан да былай даму үстінде болуы қажет. Ислам біздің елде өркендеу жолында. Мұсылман елдерінің арасында қарқынды дамып келе жатқан мемлекетпіз. Елімізде Қазан айының 18 жұлдызы – рухани келісім күні деп саналады. Құрбан айт пен Рождество демалыс күндері болып жарияланды. Әлем діндерінің екі дүркін съезі өтті үлкен абыроймен. Бұл біздің жерде ешқандай қақтығыстар орын алмайды дегенді білдірудің бір айғағы. Қазақстанның абыройы өсуде. Мысалы,  кезінде Франция митрополиті Емануель Дания газеті Мухаммед пайғамбарымызды әшкерелеген кезде  муфти Әбсаттар қажыға шиеленіскен жағдайды беделді дінбасы ретінде шешуге көмектесуін сұраған болатын.   

Еліміздің болашағы бүгінгі жастар. Жеткіншек ұрпаққа жалпы тәрбиемен бірге рухани тәрбие беру бізді бүгінде басқа пробемалармен қатар толғандырып келеді. Жастардың болашағы еліміздің болашағы деп Елбасы жиі айтуда. Мемлекеттік жастар саясаты мен тәжірибе және даму үрдістері барлық жерде дерлік билікпен қолға алынған. Бізде және әлем деңгейінде жастар саясатын қалай жүргізіп жатқандығы туралы Д.Калетаевтің еңбегінен табуға болады [10. 34-47 беттер]. Ересек азаматтардыңда бүгінгі өмірге деген түсінігі бізді ойландырады. Өйткені кейбір өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуде біз өзімізді көбірек ойлаймыз да, айналамыздағы өзіміз сияқты адамдардың қадір-қасиеттерін ескере бермейміз. Қоғамда қандай орын алса да, өзінің күнделікті тұрмысындағы іс-әрекеттерде дәстүрлі рухани және жалпы адамзаттық құндылықтардан ауытқымайтын адамдардың кемшіліктері мен жауы болмақ емес. Маңайындағылармен келісімде өмір сүру адамның басты принципі. Әлемдегі барлық ұлы дәстүрлі діндер осыны уағыздайды. «Ислам бүгінде бізге нан сияқты қадірлі»- дейтін Қайрат Сатыпалдының айтқанымен келіспеу мүмкін емес. «Рухани бай болмай адам материалдық байлықпен толық бақытты бола алмайды» деген оның ойымен әркімнің келісетіндігіне күмән жоқ. Назарбаевтардың бастамасымен Құранның аудармасы 11 мың данамен шығарылып жоғарғы оқу орындарына таратылғаны қуантарлық жағдай [11. 6-8 беттер]. 

 Біздің іргеміздегі мемлекеттердің есті адамдары да рухани тәрбие жөнінде сөз көтеріп жүр. Мысалы, Ресейдің Әділет министрі Владимир Устинов жастарды рухани тәрбиелеуде өз пікірін ашық айтып жүр: «Ашкөздік, парақорлық, қызмет бабын асыра пайдаланушылық осыдан шығады. Егер біздің барлығымыз әу бастағы өнегелік тамырларымыздың желісін үзбесек, егер рухани бастауларымызға бет бұратын болсақ, әзірге «бала санасы ештеңемен уланбаған» болса, мектептерде діни сабақтарды жүргізудің артықшылығы жоқ. Сондай-ақ Ресейдің мемлекеттік университеттерінде теологиялық факультеттер ашу қажет. Ресей қазірдің өзінде осы маңызды іске қосылды. Олар христиан свяшениктері мен мұсылман имамдарын әскери бөлімдерге енгізе бастады [12. 9 бет]. Әрбір адамның өз сеніміне өз жолымен келетіндігін өмір көрсетіп отыр. Көптеген мемлекет басшылары, өздерінің қандай да бір діни сенімді қасиеттеп, құрметтейтіндігін қаншалықты жасырғанымен, өзінің бұрынғы ата-бабалары ұстанған жолдарынан таймайтындығы, салт-дәстүрінен айнымайтындығы белгілі. Көптеген ғарышкерлер галактикада – аспан әлемінде біздердің жалғыз еместігімізге, Сыртқы бір құдыреттің барлығына, солар бізге ықпал етіп отыратындығына сенімді. «Ғарышқа ұшуым – мені Аллаға әкелді” – дейді Талғат Мұсабаев [13. 6 бет]. Ол бір сөзінің ретінде кейбір адамдардың өздерін «жер кіндігі» санайтындығына қайран қалатындығын білдірген еді. Бұдан асырып айту мүмкін емес.

Өкінішке орай, сый мен құрмет тек жастардың ғана емес, сонымен қатар кейбір ересек адамдардың арасында да өзінің қадір-қасиетін төмендетіп барады. Көптеген адамдарда ар мен ождан ұғымының сипаты терістелуде. Олардың көпшілігі ақшаны бірінші кезекке қойып отыр. Соның салдарынан, кейбір миллиондаған қаржыны қолына ұстағандар, адамгершілік ізгілік мұраттарды естерінен шығарып, қайырым мен ізгілікті ұмытуға айналған.

Мемлекет басшысының діндерге деген көзқарасына қатысты ұстанымдарын біздердің барлығымыз жақсы білеміз. Ол тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар әлемдік ауқымда да конфессияаралық қатынастардағы әртүрлі шараларға бастамашы болып жүр. Өйткені ол халық пен қоғам үшін діннің қаншалықты оң ықпал ететіндігін жан-тәнімен сезініп келеді. Сондықтан да біз оның халық игілігіне жасап отырған бұл бағыттағы әрбір іс-әрекеттеріне қолдау білдіріп отыруға тиіспіз. Ол халық пен қоғам арасында діннің қаншалықты оң рөл атқаратындығын жақсы біледі. Біз оның осы бағыттағы барлық іс-әрекеттеріне қолдау білдіріп отыруымыз қажет. Елбасының жан-жақты тынымсыз еңбегі туралы, толық мәліметтерді ғылым докторы, профессор М.Қасымбековтың кең де ауқымды кітабтарынан табуға болады. «Патша Алла-Тағаланың жер бетіндегі көленкесі»- деген ұлы сөз ұлы ата-бабаларымыздан қалған. Осынау өтпелі кезеңде шынайы бірлігіміздің арқасында оң тірлігіміздің нәтижесін көргенге не жетсін. Бүгінгі барлық еңбегіміз еліміздің болашағына, өздеріміздің болашақ ұрпаққа арналып жатқан жок па? Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін түяқ болмайды. Бар ісімізге уақыт төреші. Ата-бабаларымыз біздің бүгінгі күнімізден бетер күн көшкен замандар да болған. Егемендік пен бостандықты ғасырлар бойы аңсап келді. Ағайынның азары болса да безері болмайды деген дана да кең пейіл халқымыз. Ішкі ісімізде бір пәтуаға келерміз. Сырт көзден сақ болсақ болар еді. Төрт жақтан анталап тұрғой. Оларға біз емес біздің жердегі байлық қажет болып тұр. Ата-бабаларымыздан, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы не бір қилы замандардан аман-есен өтіп өз рухымызды, елдігімізді қорғай білдік, сақтап келдік. Қиындыкта шыңдалдық. Тәңірімізге бой ұрдық, жалындық. Қажеті келген кезде күш жинай білдік. Жеңілістерден ізденістермен шыға білдік. Қарнымыз аш замандарда рухани бай бола білдік. Жоғалып кетпедік. Отты шайқастардан, суша аққан қандардың, күл-қоқыс пен сүйектердің арасынан өзімізді таба білдік. Қаншама рет жау «жоқ қылған» жерден кайта өмірге келіп жаттық. Түк жоқтан жаңаша жаңғырып халқым ұлы ұлдары мен қыздарын, ғимараттар мен ұлы туындыларын дүниеге әкеліп жатты. Тез арада есін жинап жер бетін шайқатқан елдің ұрпағы боламыз. Біздің болашағымызға болашағына көрші елдер мен, ұзақтағы халықтар да сезіп сенім артып отыр. Халқымыздың ардақты ұлы Мұхтар Шаханов айтқандай: - мен талай мықтыларды мойындағам, енді оларға өзімді мойындатам,  - дегендей бізді әлем халқы біртін-біртін мойындап келе жатқан жоқ па? Аллаға шүкір. Елім мен жерімді тіл, сұқ көзден сақтай гөр Тәңірім, Жаратқан ием.                       

Осы орайда тағы да адамзатты қайғы-қасіретке, оның ішінде бүгінгі шиеленіске, әлемдегі екі ұлы діннің қарама-қарсы беттесуіне соқтырып отырған сан ғасырлардан бергі түйіні тарқамай кележатқан жайларға тоқталмасқа болмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, дарвинизм ХХ ғасырда адамзат баласын ештеңемен өлшеуге келмейтін зардаптарға ұрындырған көптеген мәні теріс, зұлымдығы басым идеологияның «ғылыми» іргетасы қызметін атқарды. Барлық өзге идеологиядағылар сияқты дарвинизмнің де өзіндік «этникалық нормалары» мен «әдістері» бар. Сол арқылы ол басқаша ойлайтындардың санасына әсер етіп, оларды өз ықпалына қарай көндіктіреді.

Әлемде түрлі діни таным, көзқарас пен философиялық ағымдар бар: Солардың ізін ұстанушылардың әрқайсысы бір-біріне деген көзқарастарын екі жолмен аңғарта алмақ. Біріншісі, олар озық көзқарастарды құрметтей және адамгершілік биік парасаттылықты ұстана отырып олармен байланыс орнатуға ұмтылады: Мысалы, біздің Қазақстан сияқты. Екіншісі, олар өзі тектестерді табанының астына салып, өзінің басымдылығын көрсететін күрес жолын таңдауы мүмкін. Мұндай мысалдар аз емес. Біз өзіміз терроризм деп айдар тағып отырған озбырлық осы екінші тәсіл. Бұл арада қанды жолды уағыздайтын дарвинизм мен коммунизмді ешбір айналып өтуге болмайды. Коммунистер әу баста-ақ Дарвин теориясын қолдаушылар және соны жан-тәнімен қорғаушылар болды. Ресей коммунизмі аталарының бірі Плеханов марксизмді «әлеуметтік ғылымға қолдануға икемді дарвинизм» ретінде қарастырған. «Дарвинистік білім беру» коммунист кадрларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Мысалы, тарихшылар мынандай фактіге айрықша назар салады: жас кезінде Сталин мейлінше дінге берілген адам болған, бірақ Дарвин кітаптарының негізінде ол діннен алшақтап, нағыз атеист болып шықты. Қытайда коммунизмнің қалыптасуында дарвинизмнің ықпалын жан-жақты зерттеген Гарвард университетінің тарихшысы Джеймс Пусей «эволюция мен коммунизм теориясы арасында мызғымас байланыс бар... Коммунизм – бұл атеистік философия. Егер ХХ ғасырдағы 120 миллион адамның өмірін қиған диалектикалық шиеленістердің коммунистік тұжырымдарының астарына үңілетін болсақ, дарвинизмнің адамзат баласына қаншалықты қайғы жұтқызып, қан құстырғандығын жете сезінеміз» - дейді. Мысалы, 1917 жылғы төңкеріске дейін Қазақстан Ресейдің түркі тілді халықтарының арасында саны жағынан екінші орын алса, Кеңес мемлекеті дәуірлеген өткен ғасырдың – 50-ші жылдардың ортасында біз өз жерімізде бар болғаны 29 пайызды ғана құрадық. Осының барлығы мәдениетімізді, дәстүрімізді және тілімізді жоюға соқтырды. Төлқұжаттарда ұлтыңды көрсетпеу де жоспарланды. Кеңес халқы деген ортақ қауымдастық құру міндеті күн тәртібіне қойылды. Шет елдерде – мейлі сен қазақ немесе армиян, грузин немесе татар бол, - бұлардың барлығын орыстар деген түсінік қалыптасты. Қазақстанға қуатты мемлекеттің аграрлық – шикізаттық орны мен ролі берілді. Сондықтан да Қазақстан республика деп аталып, өз Конституциясы болғанымен, ол бүгінгідей егемен елдіктің тырнағына да тұрмайтын тұмшаланған қоғам болды.       

Үндінің антропологы Лалита Видьярти дарвиндік даму теориясы қоғамдық ғылымға расизм идеясын әкелді және  «өмір сүрудің дарвиндік теориясы анағұрлым жарамды деп қоғамдық ғылымдар тарапынан жылы қабылданды, әрі олар адамзат дамуының түрлі сатыларында ақ адамдар өркениетке қол жеткізді дегенге сенді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында расизм ақиқат құбылыс ретінде батыс ғалымдарының көпшілігі тарапынан мойындалды» деп санайды.

Биохимия профессоры Майкл Бехе /АҚШ/  дамуды зерттеушілердің барлығы да Жер бетіндегі жанды және жансыздың барлығының жаратылысына қатысты жоғары ақыл аясында қандайда бір көңілге қонымды дәлел келтіре алмайды дейді. Бүкіл әлемдегі ондаған мың ғалымдар эволюция теориясының ғылыми негізі жоқ екендігін дәлелдеді, Жер бетінде тіршіліктің пайда болуының ойдан шығарылған сценарийін жоққа шығаратын мыңдаған зерттеулер мен ғылыми жұмыстар жазды.

Эволюция теориясы балықтар немесе қосмекенділерге жататын тіршілік иелерінің негізгі топтарының шығу тегіне көңілге қонымды түсінік бере алмайды, сондай-ақ ол осы топтарды құрайтын жекелеген түрлерін пайда болу мәселесінде де дәрменсіз.

Жастары миллиондаған жылдармен есептелетін тасқа айналған қаңқалардың (мәселен, акуланың қаңқасы 400 млн. жыл, шегірткенінікі 40 млн. жыл, құрмысқанікі 100 млн. жыл, тарақандікі 320 млн. жыл) бүгінгі бар түрлерінен ешбір айырмашылығы жоқтығы тіршілік иесі қарапайым түрінен күделіленуіне қарай кезеңдік даму арқылы пайда болмағандығын, керісінше бір сәтте әлдебір құдыреттің әсерінен пайда болғандығын дәлелдейді. Геологияда осы бір тосын құбылыс «кембрийск жарылысы» деп аталады.

«Тұркан баласы» деген атаумен белгілі қаңқа бүгінгі күндегі табылған сүйектердің ең көнесі болып табылады. Бұл қаңқаның жасы шамамен 1,6 миллион жыл. Оның бойы 1.80 см 12 жастағы ер бала екендігі белгілі. Оның қаңқасы қазіргі адамдардың қаңқасынан еш айырғысыз. «Тұрқан баласы» адамның ойдан шығарылған дамуы туралы барлық болжамдарды жоққа шығаратын нақтылы мысал бола алады. Антикалық теңізшілер алғашқы адамдар біз ойлағаннан да ақылды адамдар болған дейді... өйткені олар осыдан 700 мың жыл бұрын кеме жасаумен айналысқан. Осы арада мынандай сұрақ туады: кеме жасау білімі мен технологиясын меңгерген адамдарды «алғашқы» адамдар деп қалай айтуға болады? Технология - грек тілінен аударылғанда «қол еңбегі» деген мағнаны білдіреді.

Соңғы жылдардағы ғылым дәлелдеп отырғандай, неандертальдар Еуропада бұдан 100 мың жыл бұрын пайда болған, және де 34 мың жыл бұрын қалай пайда болса, солай ғайып болған, немесе басқа тектермен араласып кеткен. Олардың адамдардан бір ғана өзгешелігі қаңқасының анағұрлым сүйекті және басының үлкендігі ғана. Табылған айғақтар неандертальдардың өлгендерді жерлегенін, музыкалық аспаптар, үй шаруашылығы заттарын жасағандығын, киім тігумен айналысқандығын және тағы басқа істермен шұғылданғандығын дәлелдеп отыр.

Әйгілі орыс эволюционистерінің бірі А. Опарин өзінің «Тіршіліктің пайда болуы» деген кітабында, өкінішке орай, тірі клеткалардың пайда болуы дамудың бүкіл теориясын өз бойына сіңіріп отырған шешімі табылмаған сұрақ деп жазады. Сан Диего институтынан геохимик, профессор Джеффри Бада «тіршіліктің пайда болуы күні бүгінге дейін жауабы жоқ жұмбақ» дейді. Даму теориясының философиялық негізін қалаған материализм ХІХ ғасырда Әлемнің әуелден бар екендігінің, оның әлдебіреудің қолдан жасамағандығының болжамын алға тарта отырып, Жер бетіндегі тіршіліктің материядағы ішкі процестердің түрленуі негізінде пайда болған деп түсіндіруге тырысады. Алайда ХХ ғасырдағы ғылыми жаңалықтар бұл болжамды толығымен жоққа шығарды. Осыдан 15 млрд. жыл шамасы бұрын қуатты жарлыстың салдарынан Әлемнің бір сәтте пайда болғандығын дәлелдеген. Big Bang /Үлкен жарылыс/ Әлем мәңгілік жаратылыс деген қалыптасқан ұғымды жоққа шығарды. Астрономия профессоры Джордж Гринштейн /АҚШ/ «біз ұдайы ақиқат шындықпен бетпе-бет келіп жүрміз. Әлемнің жаратылысында ерекше бір ақыл иесі немесе Жоғары ақыл иесі болуы тиіс» деп жазады. Көптеген ғылыми факторлар Әлем және ондағы барлық тіршілік иесі шексіз Ерік пен Өлшеусіз Білімді меңгерген Жоғары Құдіреттің қолымен жасалған деген ойға жетелейді. Вашингтон университетінің профессоры Дэвид Ментон міне 30 жылдан бері тірі ағзалардың анатомиясын зерттеумен шұғылданып келеді. Сондай кезекті зерттеулерінің барлығында тіршілік иелерінің Жаратушы туындысы екендігіне көзін жеткізе түсуде.

Қуран адам баласын ғылымға жетелейді. Дін мен ғылым табиғатта, өмірде өз гармониясын, үндестігін, үйлесушілігін тауып отырады. Бұган көптеген дәлелдер жинақталған. Мәселен әлемде медицинада ең бірінші болып ғылыми жұмыстарды жүргізген Андалузия мұсылмандары. Олар Джулджуль (туған жылы белгісіз - 992 ж.), Абу Джафар, Абдуллатиф аль-Багдади (1162-1231). Ал Ибн Синаны (980-1037) тек Шығыс  қана емес Батыстың ұлы ғалымдары да мойындаған. Егерде әлем ғылымы ізденістерінің басты назарында Ұлы Жаратушыны еске алып істерін жүргізсе көптеген қаржы шығыны мен адам потенциялының еңбегі заяда кетпес еді дейді Харун Яхья [14. 33, 66-70 беттер]. Мұсылман ғалымы Бируни (XI ғасырда өмір сүрген) Галилейден 600 жыл бұрын жердің айналатындығын дәлелдеген және Ньютоннан 700 жыл бұрын жердің диаметрин есептеп шыққан. Али Кушчу XV ғасырда айдың бірінші картасын жасаған адам. Әлем ғалымдарының айтуынша Дарвинге дейін дін мен ғылым тұтас бөлінбей қаралып келген. Сол уқытқа дейін ғылымда күрделі де сапалы жаңалықтар ашылған. Дарвиннен бастап ғылым дінге қарсы қойылды. Дарвинизмді айналасын қасқырша талайтын алпауыт мемлекеттер өз саясатын қолдау үшін басты идеологиясына айналдырды.  

Көптеген адамдар белгілі бір ғылымда табысқа жеткен ғалымның аузымен айтылған сөздердің барлығын ақиқат деп қабылдайды. Алайда, біздің көпшілігіміз бұл ғалымның да, әрбір жекелеген адам сияқты, өз сенімі мен идеологиялық көзқарасы болатындығын ескере бермейміз. Шын мәніне келгенде, қандай да бір ғылыми дәлелдерге арқа сүйеген эволюциялық теорияны жақтайтын ғалымдар көпшілікке өзінің жеке басының сенімі мен көзқарасын таңуға тырысады. Кездейсоқтық, ретсіздік пен күйретуден басқа ештеңе туғызуы мүмкін емес дегенді айқын сезіне отырса да, бүкіл Жаратылыс және әрбір жанды мен жансызға тән үйлесім, зерде мен сыр-сымбат тосын құбылыстың әсерінен дегенді жоққа шығара алмайды.

Палентология, биохимия, анатомия сияқты қазіргі заманғы ғылым салаларының арқасында бүкіл тіршілікті – Жаратушы Алланың жасағаны екендігін көз жеткізе дәлелдеп отыр. Адамзат баласы жанарын қайда қадаса да, нені зерттесе де айналамыздағы тіршілік атаулының барлығы әлдебір жоғары ақыл иесі бар екендігін айғақтап тұрады. Кез-келген жәндік немесе теңіз түбіндегі кіп-кішкентай балық адамның ақыл-санасы бойлай алмайтын сыр-сымбатымен, ерекше жаратылысымен өзгеше екендігімен таң қалдырады. Бүкіл табиғатқа әмірін жүргізіп тұрған ең жоғары ақыл-ой иесі Жаратушы бір Иеміздің барлығының дәлелі.    

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.  Елбасы Жолдауы, 1 наурыз, 2006 ж.

2. Мәулен Ашимбаев. ”Сильная государственная власть – не помеха демократии”. Литер. 15 июня 2006 г.

3. Серик Сейдуманов. “Феномен многопартийности в Казахстане”. Алматы. 1997 г.

4.Г.Илеуова, С.Коновалов, Б.Төреханова. “Жизненноважные национальные интересы и иерархия угроз национальной безопасности Казахстана”.  Analitika. Org, 30 июня 2005г.

5. Харун Яхья. “Крах теории эволюции”. Москва. Март 2002 г.

6. Френсис Скот Фицджеральд. “Писатели США”.  Москва. 1990 г.

7. Муртаза Бұлутай. «Дала мен Қала» газеті. 9 сәуірі, 2005 ж.

8. Ермухамет Ертысбаев. “Казахстан и Назарбаев: логика перемен”. “Елорда”. Астана-2001.

9. Марат Тажин. “Миф есть нечто отличающееся от реальности“. “Асар Казахстан, № 5, 10 мая 2004 г.

10. Дархан Калетаев. “Мемлекеттік жастар саясаты”. Астана. 2003ж.

11. Қайрат Сатыпалды. «Ислам бізге ауадай қажет». «Ислам және өркениет» газеті, № 1, 1-15 қаңтар 2006 ж.

12. Бақыт Төлегенұлы. «Жоққа шығаруды жоққа шығару».  «Егемен Қазақстан» газеті, 31 мамыр, 2006 ж.

13. Талғат Мұсабаев. «Ғарышқа ұшуым – мені Аллаға әкелді ».  «Ислам және өркениет» газеті, № 2, 16-31 қаңтар 2006 ж.

14. Харун Яхья. “Религия и наука всегда в гармонии”. Москва. 2002 г.

 

Мақала «Егемен Казахстан» газетінде 2006 жылдың 31 мамырында  «Жоққа шығаруды жоққа шығару» атымен барынша көлемді болып  жарияланды. Ғылыми еңбек ретінде «Қазақстанның ғылыми әлемі – Научный мир Казахстана» журналының 2006 жылы 5-6 нөмірлерінде «Дарвин теориясының ұлттық сана-сезімге кері тигізген әсері» атымен қысқартылып берілді.