Рейтинг:  5 / 5

Звезда активнаЗвезда активнаЗвезда активнаЗвезда активнаЗвезда активна
 

Қытайлар атап айтатынындай, өзгерістер кезеңінде қоғам, қоршаған орта үшін қандай да бір игілікті іс тындыра қою оңай шаруа емес. Мұндай кезеңде қайткенде де тіршілік қамын күйіттеу басты мәселеге айналып шыға келеді. Өйткені өзіңді ертең қандай жағдай күтіп тұрғандығын алдын ала болжап біле алмайсың. Осындай алмағайып уақытта отаншылдық рухты сақтап қалу да кез-келгеннің қолынан келе де бермейді. Алайда ел басына қиындық туған және адамның жеке тағдыры таразыға түскен кезде ештеңеге мойымай, керісінше қайраттылық пен қайсарлық танытатын тұлғалар халық арасынан жарқырап шығатыны тарихтан белгілі. Солардың қатарына өз басым Бақыт Рүстемовты жатқызар едім. Ол бүгінгі қазақ және қазақстандық халықаралық журналистикада, публицистика мен әдебиетінде Қазақстан тәуелсіздік алған тұста қарымды қаламгер ретінде танылған жаңашыл жазушы. Өз басым оны ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы Орталық Азиядағы танымал халықаралық публицистердің бірі ретінде бағалаймын, әрі Мильтон Джон (Англия), Виктор Гюго (Франция), Михаил Федоров (Ресей), Освальд Шпенглер (Германия), Уолт Уитмен (АҚШ), Хорхе Луис Борхес (Алгентина), Анджей Фредро (Польша) және басқалар сияқты жаңашыл публицистер санатынан деп білемін. Өйткені Рүстемов, барлық жоғарыда аталған тұлғалар сияқты, өзінің шығармаларын қазақ мемлекеттігінің – Қазақстан Республикасы қалыптасуының ең қиын кезеңдері бастан өткеріліп жатқан соңғы жиырма жылдың көлемінде жазды.

Сондай-ақ ол қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы бастауында мыңдаған отандастарымен бірге, тікелей халықтың қалың ортасынан табылып, жергілікті жерлерде – шағын аймақтар, аудандар мен қалалар деңгейінде мемлекеттік құрылыстың іргесін қалауға белсене атсалысты. Ол мәдениет, білім беру ошақтары, зауыттар мен фабрикалар жабылып, дүкен сөрелері бос қалған, қара су мен қара нанға қарап қалған дағдарысты халықпен бірге бастан кешті. Бірақ қол қусырып қарап отырған жоқ, керісінше бопсалау мен тонаушылық етек алған тұста өзінің азаматтық белсенділігімен қоғамда әділдіктің үстемдік құруына, қарапайым көпшіліктің мүдделерін қорғауға барынша күш салды.

Халыққа, әсіресе жастарға рухани-мәдени тәрбие беруге баса көңіл бөлінген кеңестік жүйеде шыңдалған Бақыт Рүстемов ізгілік пен кішіпейілділіктің ала жібінен аттап өткен жан емес. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде қызмет атқарған кездерінде де осы қалпынан тайған жоқ. Тіпті мемлекеттік органдардың төменгі буынындағы қызметкерлер оның үй мен дүкен салуға арналған жер телімін негізсіз алып қойғанында да, өзінің жұмыс орнының беделін алға тартып, күш көрсетуді де өз басы қажет деп таппады.

Алайда өзінің тынымсыз публицистикалық қызметінің арқасында әлемнің әр қиырынан көптеген жаңа достар тапты. Мәдениет, ғылым, өнер және әдебиет саласындағы көрнекті қайраткерлермен кездесулері оның есімін елімізден тысқары жерлерге де мәлім етті. Халықаралық публицистика тақырыбына арналған оның жазған көптеген кітаптары Қазақстанда аккредитацияланған шетелдік дипломатиялық корпус арасында да әдебиетші ретіндегі тұлғасын биікке көтерді. Сондықтан да жазушының шығармашылығына байланысты түрлі мәдени шаралар өткізу жөнінде елшіліктер тарапынан ұсыныстардың түсіп жатуы да кездейсоқтық емес. Оның жақын әрі алыс шетелдерге сапарлары әрдайым зор құрметке бөленетіндігі соны аңғартады. Оны әртүрлі елдердің БАҚ ақпараттарында жарияланған мақалалардың өзінен-ақ байқауға болады. Өйткені мұндағы Бақыт Рүстемовтың көздеген мақсаты - өзінің Отаны – Қазақстан, оның еңбексүйгіш халқы жайлы барынша молырақ біле түссе деген ұстаным.

Бұған көз жеткізу қиын емес. Оның үйі – Астанадағы халықаралық мәдени өмір орталықтарының бірі. Өйткені Шетел елшілері Бақыттың шаңырағын «Әлем халықтары достығының үйі» деп біледі. Мысалы, кейінгі жылдардың өзінде оның үйінде Куба Елшісі Абелардо Фабио Эрнандес Феррер зайыбымен, Венесуэла істерінің Уақытша Сенім білдірілген өкілі Хосе Мигель, Румыния Елшісі Эмиль Рапча зайыбымен, Вьетнам Елшісі Нгуен Ван Хоа, Үндістан Елшісі Ашок Кумар Шарма зайыбымен, Литва Елшісі Рокас Бернотас зайыбымен, Латвия Елшісі Юрис Маклаковс зайыбымен, Жапония Елшісінің Кеңесшісі Хироюки Имахаси, Оңтүстік Корея Елшісінің министр-кеңесшісі Чжин, Ки Сок, Корея Елшісінің Кеңесшісі Хан, Сеонг-чин зайыбымен, Иран Елшісінің Кеңесшісі Мухаммадпур, Болгария Консулы Стефан Гургушников зайыбымен, Куба Елшілігінің Бірінші Хатшысы Мигель Санчес Ордоньес зайыбымен, Куба ғарышкері Армандо Тамайа Мендес, атақты Куба жазушысы Арнальдо Кристобаль, есімі әлемге әйгілі Ресейдің теле-радио журналисі Кипрас  Мажейка, Голливуд жұлдызы Керри Тагава, Украинаның атақты ақыны Наталья Вареник, Қырым жазушылары және көптеген басқа көрнекті тұлғалар қонақта болды.

2011 жылы жазушыны туған күнімен құттықтауға араб дүниесінің әр аумағынан: Палестина Елшісі Хуссейн Абуола, Египет Елшісі Абдаллах Омар Альорнаси, Ирак Елшісі Ражих Аль-Мусави, Ливан Елшісі Вазкен Кавлякан, Иордания Елшісі Слайман Арабиат және басқалар келді.

Адамдарға достық пен ынтымақтастықтың жарық сәулесін шашатын оның көптеген еңбектері қазірдің өзінде бағалау мен құндауға лайық. Сөз ретінде айта кетсек, Рүстемовтың шығармалары Телевидения, Радио және БАҚ басылымдары Халықаралық Евразиялық Академияда зерделенуде, оның төралқасы казақ публицисіне академик атағын да берді. Әрине, әрбір жаңа істе қызғаныш білдірушілер де, іштарлық танытатындар да, тырнақ астынан кір іздейтіндер де, сынап-мінейтіндер де, сондай-ақ оң баға беріп қолдайтындар да табылып жатады. Бірақ, қалай дегенмен де, Қазақстанның бүгінгі мәдени өмірінде қазақтың және қазақстандықтардың халықаралық публицистикасына жаңаша серпін, өзгеше тыныс әкелгенін мақтан етсек, бұл асыра айтқандығымыз бола қоймас. Оның еңбектерінің АҚШ Конгресінің кітапханасында, араб дүниесінің және басқа елдердің көрнекті кітапханаларында орын алуы – бұл қазақ мәдениетінің әлемдік деңгейде биікке көтеріліп кележатқандығының жарқын көрінісі. Сондықтан да «Википедия» басшылығының осы қазақ жазушысының есімін өзінің әлемдік анықтамалығына кіргізгенде жоғарыдағы көрсеткіштерді ескерген деген тұжырым жасауға жетелейді. Ал Пекиндегі Қытайдың Халықаралық радиосының оны қарсы алуы - өз алдына бөлек әңгіме. Катардағы, Сауд Аравиясындағы, Вьетнамдағы, Украинадағы, Өзбекстандағы, Қырымдағы кездесулер бұлардағы азаматтарға қазақстандық халықаралық публицистиканың, журналистика мен әдебиеттің қаншалықты жоғары деңгейде дамығандығын тағы да дәлелдеп берді.

Бұдан ертеректе, әдебиет аясында сын айту, шығарманы талдау, бағалау болып жататын. Ол шын, әділ, турасынан айтылатын болса құба-құп дейсің. Себебі жазушының жіберген кемшіліктерін тап басып көрсетіп, тұжырымды ойларын анық білдіретін. Бірақ әйтеуір сынағанның жөні осы деп жөнсіз сынауға бармайтын. Бірақ, кейбіреулердің оның бірер еңбектеріне орынсыз сын тағып жатқандығын да естіп, біліп жатырмыз. Бәлкім, оның дұрысы да, бұрысы да бар шығар. Бірақ олардың қарекетсіз адамның ғана бойынан мін табылмайтындығын ескергені, сынды талдауға құра айтуы әлдеқайда орынды да, орнықты болар еді. Осыған қарамастан, оның еңбектерін оқып отырғанда, өзіміздің ана тіліміз – қазақ тілінде де құнды шығармаларды өмірге әкелуге болатындығына көзіңіз жете түседі. Сондықтан да оны әлемдік деңгейдегі халықаралық публицистиканың көрнекті жазушыларымен деңгейлес сатыға көтере айтсам, мұның асылығы бола қоймасы анық.

Ойы ұшқыр сын жағынан да Рүстемов ешкімнен кем соқпайды. Бұл тұрғыдағы азаматтық ұстанымы да берік. Бұған кітаптарын оқығандардың, радио мен теледидардан айтқан сқөздерін тыңдағандардың әбден көздері жеткен. Өйткені жазушы-публицистің басты ерекшелігі сол, ол жөнді-жөнсіз сынап-мінеуден, көпірме ақыл айтудан бойын аулақ салады, оның есесіне қоғамдағы керітартпа құбылыстардың себебі мен салдарын ашып көрсетуге ұмтылады. Біз сөз етіп отырған дарынды жазушы осындай ұстанымы, адамдарға ерекше ілтипат танытуы, кішіпейілділігі арқасында Қазақстанда, Евразия кеңістігінде ғана емес, әлемдік публицистикада өзінің орнын ойып тұрып алды. Бұл да жалаң сөз емес. Мысалы, дүниежүзіне танымал академик Кипрас Мажейка (Ресей) өзінің әлі де Бақыт Рүстемовтың көтерілген биігіне қол жеткізе алмағандығын атап айтуы оған көпшік қоюы емес, керісінше оның дарын қабілетін мойындағандығы деп білуіміз керек. Сондықтан да өзім де Бақыт Рүстемовты публицистикалық әдебиетте жаңашыл жарқын тұлға дегендердің пікірлеріне толығымен қосыламын. Қазақ радиосы да Рүстемовты тамаша жазушы деп таниды. Еліміздің басты басылымы – «Казахстанская правда» газеті: «Бұл Қазақстанның мәдени өміріндегі құбылыс», - деп жазады.

Ашығын айтқанда, Бақыт Рүстемов публицистикадағы бұрыннан қалыптаспаған тың сүрлеуден жол тауып келе жатқан қаламгер. Мұндайда алғашқы жолбастаушы болу да оңай емес. Ол, шын мәнінде, еліміздің журналистикасы мен әдебиетінде халықаралық публицистиканы ілгері бастырушы тұлғалар санатынан дейтініміз сондықтан. Осы себептен де онымен кездескен шығармашыл жастар халықаралық публицистика, журналистика мен жазушылық істегі осы жаңашыл үрдіске айрықша қызығушылық танытады. Кезінде көрнекті астаналық жазушы, бүгінде марқұм, Қазақстан және Европа Табиғаттану ғылымы академиясының академигі, ғылым докторы, профессор Владимир Коченов Рүстемовты қазақтың Отто Лацисі деп атап, оның кейібір еңбектерін рухани-өнегелік тұрғыда Эверест шыңына көтерілумен деңгейлес талпыныс деген болатын. Бұл да жазушыға, сол арқылы бүкіл қазақстандық халықаралық публицистикаға берілген жоғары баға.

Рүстемовтың белсенді қоғамдық және азаматтық ұстанымы елімізде де, одан тысқары жерлерде де үлкен беделге ие. Ол Түрік халықтарының Бүкіләлемдік ассамблеясының мүшесі, Европа Әдебиетшілер конгресінің мүшесі, Пекиндегі (Қытайдағы) интеллектуальдық конкурстардың бірнеше дүркін жүлдегері, «Интернет-кеңістік жазушысы» әдеби студиясының мүшесі (Украина), Бүкілдүниежүзілік рухани мәдениет форумына қатысушы, БАҚ проблемалары және дінаралық диалог жөніндегі ІХ халықаралық конференцияның қатысушысы (Доха, Катар мемлекеті), Өзбекстан басшылығының шақыруымен Өзбекстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына құрметті мейман болып қатысты, Қазақстан-Куба достық қоғамының вице-президенті, арнайы шақырумен Сауд Арабиясында болып, онда осы мемлекет королінің қабылдауында болды, Вьетнам Елшілігінің шақыруымен осы елге барып, онда оны Вьетнам Жазушылар одағының төрағасы Хыу Тин мырза қабылдады, Бұдан басқа да құрмет пен сыйы өз алдына бір төбе. Жоғарыда айтқанымыздай, оның кітаптары АҚШ Конгресінің, араб әлемі елдерінің, түркі халықтарының, Батыс пен Шығыстың көптеген басқа да елдерінің кітапханаларынан орын алған. Мінекей, әлемдік қауымдастықтың оны мойындағандығының толық емес тізбелері осындай.

Ендігі бағаны өзге де көзіқарақты, білікті де білімді ел таныған тұлғалар бере жатар деген сенімдемін.

                       

                                                                                             Аманкелді ЖҰМАБЕК,

                                                                   ақын, қазақ журналистикасының ардагері