АУЫЛЫМ – АҢСАРЫМ

Рейтинг:  5 / 5

Звезда активнаЗвезда активнаЗвезда активнаЗвезда активнаЗвезда активна
 

Жерұйық десе де сымбатты,

Туған жер – бесігім қымбатты.

Сол өңір гүл өмір сыйлаған,

Сағынған көңілді жырлатты.

 

Алыстап еркелі құлын шақ,

Мінез де қалған жоқ ұрыншақ.

Сағынсақ ауылдың оттарын,

Сол ғана жылытсын жылынсақ.

 

Кең дала құшағы – бауыры,

Көк майса ақ нөсер жауыны...

Кіндігім кесілген жерім сол,

Қазақтың кәдімгі ауылы.

 

Көрсе де уақыттың ауырын,

Осында дос, туыс, бауырым.

Жырақтап кеткендер бір мен бе?..

Сағынып жетермін ауылым!

 

Көңілге қондырған қаяу, мұң

Бір таңға бүгін де ояумын.

Бір үй бар өзіңде ауылым...

Сөндірме ошағын, аяулым!