ЖАСА, КУБА!

Звезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активна
 

Жаса, Куба!
Шуақ шашсын күн бүгін,
Ай көтерсін шаңырақтың түндігін.
Азаттығың еді сенің арманың,
Тек бостандық жолы болсын ендігің.

Бас көтертпей тұрғанында құл заман,
Арман болған жұмақ заман, гүл заман
Куба жұрты!
Бақыттысың сен бүгін,
Фидель Кастро – тіректерің тұр аман!

Демеңдер тек өткен шақтың бәрі елес…
Намыстылар, шын батырлар көп емес.
Сендер үшін жан пидаға бара алды
Ер ұлдарың Че Гевара, Моралес!

Бес батырға сот кескенмен үкімді,
Елсің, Куба, жасытпаған рухыңды!
Қастерлей бер, Раульді де бүгінгі,
Қастерлей бер, салтың менен ғұрпыңды!

Хосе Марти рухын көтер мәңгілік
Ұлылығы жатсын десең жаңғырып.
Ол – қаламгер, саясатшың әрі ақын…
Осы болсын ертеңіңе тән қылық!

Бостан елсің!
Елу жыл бар болғаны.
Жарты ғасыр сол шырақ та жанғалы…
«Солидаридат!» деймін содан сендерге,
Куба жұрты, ерлік рухтың пырағы!